Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдікке қатысты енгізілетін өзгерістерге түсініктеме берді.
Қордың мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының тек нақты аударылған сомасына ғана кепілдік береді. Инфляция деңгейін ескере отырып кепілдік беру нормасы алынып тасталады. Бұл өзгеріс ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген.
Сонымен қатар БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының сақталуы көпдеңгейлі бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті. Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясатты айқындайды, Үкімет инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекітеді, ал Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқарып, БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясын бекітеді.
Сондай-ақ 2026 жылғы қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін жеке инвестициялық басқарушылардың басқаруына бере алады. Қазіргі таңда бұл мүмкіндік міндетті және міндетті кәсіптік жарналар бойынша 50%-ға дейін, ал ерікті жарналар бойынша 100%-ға дейін қолданылады.
БЖЗҚ мәліметінше, салымшылар бір немесе бірнеше басқарушыны таңдап, әртүрлі инвестициялық стратегияларды пайдалана алады.