Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуетті инвесторлармен кездесіп, тау-кен, металлургия және энергетика салаларындағы ірі жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
MİRYILDIZ KZ LTD инвестициялық компаниясының басшылығымен кездесуде Баянауыл ауданындағы мыс кен орнында тау-кен байыту кешенін салу мүмкіндігі қаралды. Түркиялық қатысуы бар компания өңірде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, жер қойнауын пайдалануға берілген учаскелер бойынша лицензияларға ие.
Ал Mercuria – Wanji Holding Group халықаралық консорциумының өкілдерімен Екібастұз қаласынан шамамен 30 шақырым жерде қуаты 1 ГВт жел электр станциясы мен электрометаллургиялық зауыт салу жобасы талқыланды.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 3 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Асайын Байханов өңірдің ірі инвестицияларды тартуға және өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша ұсынылған инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.





