Қазақстанда 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, газдандыру деңгейі артады
Қазақстанда 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, газдандыру деңгейі артады
2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы құрылыс саласының негізгі міндеттерін айқындаған Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, құрылыс жоспарларын орындаумен қатар, жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға толық дайын болуын қамтамасыз ету маңызды. Тұрғын үйлер инженерлік коммуникациялармен уақытылы қамтылып, іргелес аумақтары абаттандырылуы тиіс.
Үкімет халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға да ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты Олжас Бектенов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктері бойынша қосымша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
«Тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізу бойынша қосымша ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», — деп атап өтті Премьер-министр.
Өңірлердің әкімдіктеріне тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін алдын ала дайындап, инженерлік желілерді тарту жұмыстарын жеделдету міндеттелді. Пайдалануға берілетін тұрғын үйлер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, олардың айналасы абаттандырылуы керек.
Газдандыру деңгейін 64,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр
Халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейту де басым міндеттердің бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу көзделген.
Осы мақсатқа жету үшін Энергетика министрлігіне QazaqGaz компаниясымен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, магистральдық газ құбырларын уақытылы салу және газ саласындағы ірі жобаларды іске асыру тапсырылды.
2026 жылдың қорытындысы бойынша елдегі газдандыру деңгейі өткен жылғы 64,2%-дан 64,5%-ға дейін өсуге тиіс.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Үкіметі.





