Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Ленинград облысы өнеркәсіп пен АӨК саласындағы жобаларды талқылады

Қазақстан мен Ленинград облысы өнеркәсіп пен АӨК саласындағы жобаларды талқылады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей Федерациясының Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан мен Ленинград облысы арасындағы тауар айналымы 2,5%-ға өсіп, 257,9 млн долларға жетті.

Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық кеңейеді

Тараптар агроөнеркәсіптік кешенді бірлескен жобаларды дамытудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырды.

Қазақстан сүтті мал шаруашылығы, селекция, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Ленинград облысының осы бағыттардағы тәжірибесі өзара кооперацияны нығайтуға және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік кооперацияға басымдық беріледі

Кездесу барысында өндірістерді жергіліктендіру және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелеріне де назар аударылды.

Бірлескен жобаларды іске асыру үшін машина жасау, химия өнеркәсібі, жабдықтар мен құрылыс материалдарын өндіру салаларында әлеует бар.

Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар өндірісіне қажетті шикізат жеткізу және Жамбыл облысында заманауи органикалық тыңайтқыштар өндіру жобасы талқыланды.

Көлік-логистика саласындағы байланыстар нығаяды

Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық болды.

Александр Дрозденко Ленинград облысының порттары арқылы Қазақстан жүктерін тасымалдау бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға қызығушылық білдірді.

Тараптар теміржол транзиті мәселелерін және жүк тасымалының тұрақтылығын арттыру қажеттігін де қарастырды.

Бұдан бөлек, атом өнеркәсібіндегі ынтымақтастық перспективалары, соның ішінде осы салаға қажетті мамандарды даярлау мәселесі талқыланды.

Кездесу қорытындысында Серік Жұманғарин қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдырудың маңызын атап өтіп, екі өңірдің кәсіпорындары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруды ұсынды.

«Біздің міндетіміз – өзара сауданы кеңейту, бірлескен өндірістерді дамыту және екі тарапқа да нақты пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасау», – деді Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары.

Ұқсас материалдар