Берлинде Қазақстан-Германия Үкіметаралық жұмыс тобының сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 16-отырысы өтті. Кездесуде екі ел арасындағы сауда, инвестиция және өнеркәсіп салаларындағы байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Отырысқа Қазақстан тарапынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Германия тарапынан Германия Федералдық экономика және энергетика министрлігінің сыртқы сауда бағыты бойынша бөлім басшысының орынбасары Герлинд Хекманн тең төрағалық етті. Жиынға екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары мен бизнес өкілдері қатысты.
Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және іскерлік байланыстарды нығайту шараларын қарастырды. Сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықты дамытуға арналған 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасының орындалу барысына ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысында тараптар практикалық серіктестікті одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады. Сонымен қатар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін нақты қадамдар белгіленді.





